USD 369.98
EUR 428.7
RUB 5.64
Русский Қазақша
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Тұрсынбек ҚАБАТОВ «Базар жоқ» театрының директоры

Тұрсынбек ҚАБАТОВ «Базар жоқ» театрының директорыЖақында елімізге танымал сықақшы, «Базар жоқ» театрының директоры Тұрсынбек Қабатов бастаған әзілкештер облыс орталығында өнер көрсетіп, әзіл-қалжың сүйетін һәм ұғатын жас-кәріні бір жасатқан еді. Осынау күлкі кешінен соң Тұрсынбекпен әңгімелесудің сәті түскен болатын.

– «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген еді ғой ұлы Абай. Сіздің ойыңызша, қазір күліп жүрген күлкіміздің құны қаншалықты немесе әзілдер арзандап кеткен жоқ па?

– Қазақтың қалжыңы қай-қашанда да құнын жоғалтқан жоқ, жоғалтпас та. Арысын айтсақ, ертеден келе жатқан даң құрдастардың, нағашы мен жиеннің, жеңге мен қайнының арасындағы әзілдер өз жарасымын тауып келгені белгілі. Сол үрдісті «Тамашадан» тамыр тартқан бүгінгі әзіл театрлары да жоғалтқан жоқ деп ойлаймын. Біз шамамыз келгенше көңілге қонымды әзіл айтуға тырысамыз. Өйткені, қазір халықтың талғамы өскен, театр көп және олардың барлығы жұмыс істеп жатыр. Оған қоса олардың әрқайсысының өз көрермені бар. Соны бағамдап отырып, бүгінде де күлкінің құны түсе қоймаған сияқты деуіме әбден негіз бар.

– «Базар жоқ» қандай мағына беретінін тарқата айтсаңыз.

– Негізі көп адамдар бұл атауды жаргон сөз деп қабылдап жатады. Бірақ, олай емес. Бізден басқа әзіл театрларына қарасаңыз, олардың барлығы командалық ойын көрсетеді. Яғни, сахнаны үлкен бір базарға айналдырып жібереді. Ал «Базар жоқтағы» өнерпаздардың барлығы жеке орындаушылар әрі қазақы қалжыңмен ойын көрсетеді. Сондықтан басқалардай сахнаға бәріміз бірдей шығып, оны дуылдаған базарға айналдырмайтын болғандықтан, осылай атаған болатынбыз. Бұл атау біздің болмысымызды көрсетіп тұр десек те болады.

Тұрсынбек ҚАБАТОВ «Базар жоқ» театрының директоры– Соңғы кезде киноға түскеніңізден хабардармыз. Бірақ сол түсірілімге қатысқан әртістерге Сырым Исабаев тиісті ақшасын төлемей жүр деген ақпарат шындыққа қаншалықты жанасады?

– Бұл – қазіргі шоу-бизнестегі пияр, сол киноның жетіспей қалған жарнамаларын жеткізу үшін қолданған әдіс. Әйтпесе, барлық әртістердің төлемақысы төленген болатын. Ойлап қарасаңыз, ақшасын алмай тұрып, ешқандай әртіс киноға түспейді. Негізі шығармашылықтың басы-қасындағылар мұндай пияр тарату арқылы осы киноның көрермендерін көбейткен. Мысал үшін айталық, алғашқы кезде сол киноның көрермендері 700 мың болса, жаңағы қауесет тарағаннан кейін 4 миллионға жеткен.

– Сіздің әр әртісіңіздің өзі бір-бір тұлға. Сайдың тасындай іріктелген осындай азаматтарды таңдауда қандай ерекшеліктеріне көңіл бөлесіз?

– Әртіс болғаннан кейін одан орындаушылық шеберлігі ғана талап етілмейді, ол ән айтып, би билей алуы керек. Ол сондай-ақ, аяқ астынан сөз таба білуі керек. Мен театрға алатын жігіттерден осындай талапқа сай болуды басты орынға қоямын. Яғни, ол тапбермеде тапқырлық таныта білуі керек. Біреудің жазып бергенін сахнада орындап беріп, кетіп қалу емес, ол сол мәтінді өзі жазуын талап етемін. Сондықтан олар сахна барысында бір сөзін ұмытып қалса, әрі қарай ойынан сөз қосып, жымын білдірмей кете береді. Осы орайда айта кетейін, театрымыз әр гастрольдық сапарына шыққан сайын халыққа жаңа әртістерді таныстырып келеді. Мәселен, театрымыз алғаш құрылғанда жұмысымызды алты адаммен бастасақ, қазір бұл сан 32-ге жетіп отыр.

– Алдағы уақытқа қандай жоспарлар құрып отырсыздар?

– Алла қаласа, жоспар көп. Жуықта ғана Астана қаласында телетүсіріліммен үлкен концертіміз-ді бердік. Алда Астана күні бар, 23-қыркүйек – театрымыздың құрылған күні бар дегендей. Жалпы, бес жылға жоспар құрып қойған жайымыз бар екенін жасырғым келмейді.

– Жоспар дегеннен ойға келіп отыр, қазірге дейін елімізде комедиялық жанрдағы кинолар жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру ойыңызда бар ма?

– Ол мәселе ойда бар. Келешекте болып қалар. Қазіргі жастардың махаббатының жеңілдеп кеткені, бұрынғыдай еңбектеніп жүріп, айлап, жылдап жүріп, қол жеткізетін махаббаттар аза-йып кеткені белгілі. Бұрын қыздың жеңгесіне жалынып немесе қызға кезігудің орайын таба алмай, айшылық жолға атпен баратын азаматтарымыз бүгінгі таңда телефонмен, болмаса, агентпен-ақ жұмысын бітіріп жатады. Осы тұздығы жеңілдеп кеткен мәселе туралы «Базар жоқ махаббат» деген киноның сценарийі жазылып жатыр. Бұйырса, күзде немесе келесі жылдың көктемінде бұл жұмыс қолға алынады.

– Төтелеп бір сұрақ қойғым келіп отыр. Сіз «Базар жоқ» театрын құрмас бұрын не істедіңіз? Яғни, сізді, Тұрсынбек Қабатовты алты алашқа танытқан не? Өнер жолыңызды біраз баяндап берсеңіз.

– Мен Батыс Қазақстан облысы, Жалпақтал ауданы, Ақпәтер ауылында туылып, төрт жыл оқуға түсе алмай, қой бағып жүрген қазақтың қарадомалақ ұлы болатынмын. 2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы болды. Осы жылы мен Орал қаласына келдім. Келсем, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда концерт жүргізуші керек болып, іріктеу өтіп жатыр екен. Мен де қатыстым. Бірақ, олардың өздері берген мәтінді оқуым қазыларға ұнамады білем. Кетіп бара жатып, «бір пародия салайыншы» деп өтіндім. Сол кезде «Молодец, Мырзабаев!» атты пародиялық әзілім бар болатын. Қазылар келісті әрі олардың бірден назарын аудардым, сонымен дипломым болмаса да, облыстық филармонияға жұмысқа кірдім. Содан облысқа таныла бастадым.

Жолым болып, халықаралық «Шабыт» фестиваліне жолдама алдым. Сол байқауда Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхаметжанов ағамыздың көзіне түскенім. Ол кісі «Астанада қал, сендей азаматтар бұл жерге керек» деп кеңес берді. Бірақ, ол кезде Астана түгілі, Оралға үйірлесіп болмаған мен қалмай, кетіп қалған едім. Ол кезде 25-қараша Республика күні болатын. Сол концертте Елбасының алдына шығып, өнер көрсетуге мені де жазып қойыпты. Бір күні облыстық филармонияның директоры, композитор Дөнеділ Қажымов ағамыздың ақылымен орталыққа тарттым. Келе мемлекеттік филармонияға әзіл-сықақшы болып жұмысқа кірдім. 2001 жылы Астананың көңілділер мен тапқырлар клубымен бірге Мәскеуге бардым. Бірақ ол кезде орысшаны жақсы білмейтінмін.

Шынын айтсам, сахнада не айтып, не қойып жүргенімді білмеймін, тек орындаушылық шеберлігім қызықтырған болуы керек. Бірте-бірте бәрін де үйрендік.
Тіпті, өзім де әзіл жаза бастадым. 2010 жылы «Ең үздік КТК-шы» атағын берді де, көп өтпей өнер жанашыры Иманғали Тасмағамбетов ағамыздың қолдауымен «Базар жоқ» театрын құрдық. «Жалғыз ағаш – орман емес» демекші, бір өзім ештеңе бітіруім мүмкін емес еді. Сөйтіп, Қанат, Аманғали, Олжас сияқты таланттарды жия бастадым. Жалпы, жеке орындаушылардың театрын құру бала кезден көкейімді тескен арманым болатын. Ал одан кейінгі бар өнер жолымыз халықтың көз алдында. Өзің көріп тұрғандай, Өскеменге келіп те екі бірдей концерт беріп жатырмыз. Соған қарағанда халықтың біздің өнерімізге деген ықыласы жақсы сияқты. Бізді арман талпындырса, ел пейілі қанаттандырады. Дәйім сол елдің берекесі мен мерекесі үзілмегей!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
11 комментариев
  1. Акмоншак Кошекова
    Базар жоқ КТК-сына көзқарасым жаман емес, күннен күнге өсіп өркендеуде. Ашылғаны кеше ғана болса да, бұрыннан келе жатқан Бауыржан шоу, Тамаша театрларынан да асып түсті. Осының барлығы ұжымның еңбеккерлігі мен халықты жақсы көргенінің арқасы деп ойлаймын. Арасындағы өзіме қатты ұнайтыны - өз жерлесім ҚАНАТ ӘЛЖАППАРОВ. Театр одан әрі өрлей берсін, жақсы аттары мәңгілік болсын!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!
    Құрметпен: Көшекова Ақмоншақтан
  2. Абдулла
    турсынбек аға бізде талант бар еді халық алдына үлкен сахнаға шыға алмай жүрміз сол сіз көмек қолынызды берсеніз деймін Абдулла Шымкентский
  3. Гулжан
    Қанаттың әр концерт сайын квартира сұрай беретіні ерсі.
  4. Манира
    Тұрсынбек бауырым баска театрларды басып оздын жарайсын. Баска театрга караганда сендерді ягни Базар жокты коргіміз келип турады. Ойткені сіздердкі кызыкты. Театр одан әрі өрлей берсін, енбектерин жана берсін жерлесім.
  5. Салтанат
    базар жоқ жігіттерінің өнерлері керемет,өзім жалықпай қайталап көре берем,әсіресе жерлесім Қанат жарайсыңі
  6. Агали Акерке
    Жарайсын, Базар жоқ!!!
  7. Салтанат
    Базар жоққа, Базар жоқ!!!
  8. сымбат сарсенбаева
    Осы Турсынбек Кабатывтын жасы нешеде екен?
  9. молдир
    1980 жылы туған ғой.
  10. дусенбаев диас
    Базар жоқ театры қашан құрылды?
  11. Айжан
    Тұрсынбек ағаның әзілдері өте жақсы.
Біз әлеуметтік желілерде