USD 367.06
EUR 416.17
RUB 5.56
Русский Қазақша
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Еуро - 2016. Біздің болжам

Еуро - 2016. Біздің болжам
Еуропа чемпионатындағы алғашқы айналымның соңғы ойындарын өткізген «F» тобының командалары сенсация жасады. Біз болжағандай болмады. Бізді қойшы, аяқдоптың жілігін шағып, майын ішкен аузы дуалы шетелдік спорт сарапшылардың өзі бұлай боларын күтпеген еді.

Алдымен Австрия жеңілді Венгриядан. Сапында мюнхендік «Баварияның» қорғаушысы Давид Алаба, ағылшындық «Сток Ситидің» шабуылшысы Марко Арнаутович сынды шебер ойыншылары бар «Шығыс империя» өкілдері осы чемпионаттың іріктеу кезеңінен ілініп-салынып әрең шыққан қарсыласына қайрат көрсете алмады. Ал Ференц Пушкаш (әйгілі мажар футболшысы) ізбасарлары өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы «алтын кезеңді» еске алса керек, ерекше шабытпен ойнады.

Иә, 1950-55 жылдары Венгрия футболы әлемдегі ең мықтылар тізіміне енген. Осы жылдары емес пе, мадриярлардың қатарынан 32 кездесуде жеңіліс көрмегені. 1953 жылы әйгілі «Уэмбли» стадионында азуын айға білеген ағылшындардың қақпасына алты доп соққан еді ғой... Әрине, мұның бәрі тарих. Қазір мажарларда ондай қарқын жоқ. Дегенмен қарсыласын қалжасына қарап қалпақпен ұрып алғысы келген австриялықтарға мықты тойтарыс берді Бернд Шторк шәкірттері. Сөйтіп тарихында үшінші рет қатысып отырған Еуропа біріншілігін Венгрия құрамасы жеңіспен бастады. Есеп – 0:2.

Кіл мықтыларды қатарына мұрнынан тізіп қосқан Португалия құрамасы да Исландиямен тең ойнап, сенсацияның себепкері болды. Роналду, Нани, Пепе, Куарежма сынды жұлдыздарға үміт артқан бас бапкер Фернанду Сантуш сан соғып қалады деп ешкім ойламаған. Бірақ Исландия жігіттері ерледі. Өз тобындағы басты фаворитпен ұпай бөлісті.

Айтпақшы, кеше түнде словактармен шеберлік сынасқан Ресей құрамасы Еуро-2016 турнирінен шеттетіліп қала жаздады. Баяғы орыстардың тәртіпсіздігінен. Англиямен болған кездесуде ресейлік фанаттар ағылшындарға жұдырық ала жүгіріп, төбелес ашты. Көшеде қырқысқандары аздай стадионға келіп ши шығаруы солтүстік көршімізде жанкүйерлік мәдениеттің әлі де төмен екендігін көрсетті. Абырой болғанда УЕФА тарапынан қатаң ескерту жасалып, айыппұлмен шектелді. Енді бір рет тәртіпсіздік жасалса, Ресей құрамасы жарыспен қош айтысады.

Қызық дерек

Еуропа біріншілігіне қатысушы командалар ішінде барлық футболшылардың бағасын қосқанда ең қымбат ұжым Германия құрамасы. Шамамен - 562 млн. евро.

Португалдық футболшы Криштиану Роналду Еуро-2016 доп додасындағы ең қымбат ойыншы. Оның бағасы transfermarkt.de бойынша – 110 млн. евро.

Өз жерінде өткен екі бірдей кейінгі халықаралық турнирді Франция құрамасы ұтқан. 1984 жылғы Еуропа және 1998 жылғы Әлем чемпионаттары.

Біздің болжам

Бүгін «B» тобында Англия мен Уэльс құрамалары кездеседі. Бірінші матчта бір ұпайды қанағат тұтқан ағылшындарға шегінуге жер жоқ. Артта - мұхит. Сондықтан өл, тіріл, жеңіс керек! Біздің болжам – 2:1.

«Неміс мәшинесін» тоқтата алмаған Украина кеткен есесін Солтүстік Ирландиядан қайтарып алуға тырысады. Біздің болжам – 1:0.
Үшінші матч Германия мен Польша арасында өтеді. Ежелден қоңсы қонған көршілер бір-бірінің ойынын, тактикаларын жақсы біледі. Статистикаға жүгінсек, таразы басы И.Лев шәкірттеріне қарай ауады. Соған қарағанда бұл текетіресте Әлем чемпиондары жеңімпаз шығуы керек. Біздің болжам – 3:1.

Серік Әбілхан
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Біз әлеуметтік желілерде