USD 371.31
EUR 419.32
RUB 5.59
Русский Қазақша
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

"Хор Турецкого" тобы Өскеменде ән салып жатыр

"Хор Турецкого" тобы Өскеменде ән салып жатыр
Дәл қазір облыс орталығындағы Республика алаңында Ресейдің белгілі тобы «Хор Турецкого» ән мерекесін ұйымдастыруда. Ән кешіне облыс әкімі Даниал Ахметов келді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Шығысқазақстандықтардың сүйікті әншілері бұл жолы қазақ тілінде «Туған жер » әнін шырқап, тыңдармандарын үлкен қуанышқа бөледі. «Кіндігімнің жас қаны тамған жерім - ауылым» деп әуелеткен әншілер сахнаға қазақтың ұлттық шапандарымен шыққаны олардың жанкүйерлерінің ықыласын одан сайын күшейтті. Бұдан кейін топ облыс әкімінің сүйікті әні «Ваше благородие» әнін әуелетті. Белгілі топтың жетекшісі Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Михаил Турецкийге облыс әкімі Даниал Ахметов жүрекжарды тілегін жеткізді.

-Мен жиналған қауымды Қазақстан халқы бірлігі мерекесімен құттықтаймын. Бұл әр отбасының мерекесі, өйткені еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті, өзара келісімді бейнелейді. Біз Қазақстан қоғамы деген жаңа қоғамды қалыптастырудамыз. Осындай тамаша мерекені бізбен бөлісу үшін келген біздің достарымыз, талантты музыкант Михаил Турецкийдің ұжымына алғысымыз шексіз. Бүгінгідей тамаша кеш сыйлағандары үшін Ресейдің мәдени құндылығы болып табылатын ұжымға барлықтарыңыздың аттарыңыздан алғыс айтқым келеді, - деген облыс әкімі Михайл Турецкийге Алғыс хат тапсырып, еліміздің символы болып табылатын Күміс барысты сыйлады. Халқымыздың дәстүрі бойынша иығына құндыз жағалы шапан жапты. Сахна төріне облыс басшысының ықылас гүлі шығарылды.

-Біз осымен Өскемендей тамаша қалаға екінші рет келіп тұрмыз. Сонау көктен-ақ шаһардың әсем де көркем екені бірден байқалады. Облыс және қала басшыларының ыстық ықыласына, құрметіне ризамыз. Ұшақтың баспалдағынан шашу шашып қарсы алғандарыңызға мың алғыс. Біз бауырлас халықпыз, достығымыз жалғаса береді, - деп ризашылығын жеткізді Михайл Турецкий.

Ән кешіне жиналған қауым сүйікті әншілерімен бірге шырқап, би билеп, көңіл көтеріп жатыр. «Халықтық караоке» деп аталған кештің мақсаты да – тыңдармандарымен бірге ән салу болатын.
Михайл Турецкийдің айтуынша, топ еліміздің он қаласын аралап, осындай ән кешін ұйымдастырмақ. Ресейлік белгілі топ жайлы толығырақ «Дидар» газетінің жуықтағы сандарының бірінен оқитын боласыздар.
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Біз әлеуметтік желілерде