USD 369.98
EUR 428.7
RUB 5.64
Русский Қазақша
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

ШҚО-да 25 жылдың ішінде 27 полицей қызмет барысында қаза болған

ШҚО-да 25 жылдың ішінде 27 полицей қызмет барысында қаза болған
Отан қорғаушылар күні қарсаңында облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы мен қызметкерлері әр жылдарда қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан әріптестерін еске алуға арналған кеш ұйымдарды.
Бұл күні олар ІІД аумағында орналасқан Даңқ Мемориалына есімдері қашалып жазылған 68 полиция қызметкерінің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.


– Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл. Осы ширек ғасыр уақыт ішінде 27 әріптесіміз қызметтік міндеттерін орындау барысында жандарын құрбан етті. Олардың ерлікке толы іс-әрекеттері жас ұрпаққа, кейінгі толқын әріптестерімізге әрқашан үлгі болып қала береді, - деді департаменттің кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Маратбек Баяндинов.

Мұнан соң бүгінде қатарда жоқ құқыққорғау өкілдері үшін әуеге үш дүркін оқ атылып, олар үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Мемлекеттік әнұран шырқалып, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жеке құрамдардың қатысуымен салтанатты шеру ұйымдастырылды. Шараға арнайы шақырылған олардың отбасыларына құрмет көрсетілді.

Қызмет барысында қаза тапқан полицейдің бірі – Жәлелхан Мұрымбаев. Ол сержанттық құрамнан бастап, капитан шеніне дейін жеткен. 2001 жылы Тарбағатай ауданында жол полициясының бастығы қызметінде жүріп, боранды қыста Көкпекті ауданының аумағында жол бойында қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқару барысында опат болған. Бүгінде оның қызметтік жолын өмірлік жары, полиция майоры Айгүл Мұрымбаева мен ұлы Дарын лайықты жалғастырып келеді.

– Мен де әкемнің жолын қуып, полицей болуды таңдадым. Бала кезден армандадым десе болады. 2012 жылы Алматыға академияға түсіп, 2016 жылы бітіріп шықтым. Қазір Үлбі полиция бөлімінде жедел уәкіл болып қызмет етудемін. Анам да құқыққорғау саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Біздей отбасыларға қамқор болып, қолдау көрсеткені, ұмытпай еске алып, шаралар ұйымдастырғаны үшін департамент басшылығына алғысымызды білдіреміз, - дейді полиция лейтенанты Дарын Жәлелханұлы.

Қызмет барысында отбасына оралмаған полиция өкілі Ерболат Сүбебаевтың ұлы Олжас та әкесінің жолын жалғастырып жүр. Қазіргі уақытта полиция капитаны департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасының аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі болып қызмет етеді.

Қазақстан Қарулы күштерінің құрылған күніне орай ұйымдастырылған еске алу кеші көк және ақ шарлардан құралған, 25 жылдықтың символы бейнеленген шарларды әуеге ұшырумен мәреге жетті.

Сурет: Есімхан Орынбаев
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Біз әлеуметтік желілерде